Теннис: Путинцева Нюрнберг турнирінің финалына шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Юлия Путинцева Нюрнберг турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 93-ракеткасы, румыниялық Сорана-Михаэла Кырстямен кездесті.

Бірінші партияда Юлия 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Екінші сетте де брейк жасаған Путинцева есеп 5:4 болғанда, матчқа доп берді. Әйтсе де Кырстя қайыра брейкке қол жеткізді. Дегенмен тағы бір брейк жасаған қазақстандық теннисші матчты жеңіспен аяқтай білді - 7:5.

Тартысты бәсеке екі сағатқа жуық уақытқа созылды.

Ю.Путинцева жүлде қоры 250 мың еуроға бағаланған жарыстың финалында әлемнің 43-ракеткасы, чехиялық Катержина Синякова немесе рейтингте 68-сатыдағы словениялық Тамара Зиданшектің біреуімен бас жүлдені сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның «Ролан Гарростың» негізгі турниріне жолдама алғанын, Путинцеваның Нюрнбергте жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.