АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Юлия Путинцева Нюрнберг турнирінің екінші айналымында америкалық Элисон Рискемен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бірінші айналымда әлемнің 10-ыншы ракеткасы, америкалық Слоан Стивенсті жеңген қазақстандық теннисші матчты сәтті бастап, 2:0 есебімен алға шықты. Содан кейін де ойын тізгінін уысынан шығармай, басымдылық көрсетті. Есеп - 6:3.
Екінші сетте Элисон 6:4 есебімен есе қайырды.
Үшінші, шешуші партияда америкалық спортшы 5:2 есебімен алға кетті. Бұдан кейін Юлия есепті 4:5-ке дейін қысқарта алды. Әйтсе де өзі доп берген сәтті пайдалана алмай, 4:6 есебімен жеңіліп қалды.
Э.Риске жартылай финалға шығу үшін румыниялық Сорана Кырстямен таласады.
Сөйтіп бейсенбі күні қазақстандық үш теннисшінің де жолы болмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Дияс пен Михаил Кукушкиннің жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).