АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Юлия Путинцева Рабат (Марокко) турнирінің алғашқы айналымында испаниялық Сара Соррибес-Тормомен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тартысты өткен бірінші партия тай-брейкке дейін жетіп, онда испаниялық теннисші 7:4 есебімен жеңіске жетті. Екінші партияда Сара Соррибес-Тормо 6:0 есебімен бет қаратпай ұтты.
Кездесу 2 сағат 13 минутқа созылды. Ю.Путинцева 10 брейк-пойнттың бесеуін ғана өз есебіне жаза алды. Ал қарсыласы 8 брейкке қол жеткізді. Енді Соррибес-Тормо ширек финалға шығу үшін сербиялық Александра Крунич немесе тағы бір испаниялық Лара Арруабарренаның қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, Қазақстанның бірінші, әлемнің 54-інші ракеткасы З.Дияс бірінші айналымда бүгін дүниежүзілік рейтингте 89-орынға көтерілген италиялық тәжірибелі теннисші Сара Эрранимен кортқа шығады.
Жүлде қоры 226 750 АҚШ доллары болатын Рабат турнирі 6 мамыр күні мәреге жетеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).