АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парижде өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирінің орталық кортында Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева осы жарыстың өткен жылғы жеңімпазы, испаниялық Гарбинье Мугурусамен күш сынасты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
www.myscore.ru сайтынан мәлім болғанындай, бірінші партия аса тартысты болды. Осы турнирдің төртінші ракеткасы болып тіркелген Мугуруса ақыры таразы басын өзіне аудара білді - 7:5. Екінші партияда да ол бірден 3:0 есебімен алға кетті. Бұдан кейін Путинцева есепті 2:3-ке дейін қысқартқанымен, одан әріге шамасы жетпеді. Сөйтіп 2:6 есебімен жеңіліс тапты.
Осылайша, Ролан Гаррос турнирінде жекелей сында Қазақстаннан ешкім қалған жоқ. Ал өткен жылғы табысын қайталау жолында тағы бір қадам жасаған испаниялық теннисші төртінші айналымда америкалық Шелби Роджерс немесе франциялық Кристина Младеновичтің қай жеңгенімен кортқа шығады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).