Теннис: Путинцева «Ролан Гаррос» турнирінің төртінші айналымына шықты
Бірінші айналымда әлемнің 9-ыншы ракеткасы, атақты америкалық Винус Уильямсты тізе бүктірген дүниежүзілік рейтингте 85-інші орында тұрған В.Цян қаршығадай ұшқыр, ширақ қимылдап, бәсеке тізгінін бірден қолына алды. Алғашқы партияда үш бірдей брейк жасаған ол 6:1 есебімен жеңіске жетті. Ойыны жүрмеген Ю.Путинцева ашуға да жиі бой алдырды.
Екінші партияда да брейк жасаған қытайлық теннисші 2:0 есебімен алға шықты. Тартысты өткен үшінші геймде Путинцева брейнк-пойнтты пайдалана алмады. Есесіне қытай қызы тағы бір брейкке қол жеткізді - 4:0. Матч тағдыры шешіліп қалғандай көрінген. Осыдан кейін ғана қазақстандық теннисші төрт геймді қатарынан алып, таразы басын теңестірді. Тартысты өткен тоғызыншы геймде Юлия қос бірдей брейк-пойнтты уысынан шығарып алды - 4:5. Дегенмен келесі геймде қарсыласының екі матчболды пайдалануына мүмкіндік берген жоқ - 5:5. Сосын тағы бір брейк жасап, партияны ұтыспен тәмамдады - 7:5.
Үшінші, шешуші партияда В.Цян 3:0 есебімен алға кетті. Бірақ Ю.Путинцева да беріспей, қайыра брейк жасады. Сосын есепті теңестіріп қана қоймай, 5:3 есебімен алға шықты. Ақыры үшінші матчболын сәтті пайдалана білді - 6:4.
Аса тартысты кездесу 2 сағат 19 минутқа созылды.
Ю.Путинцева төртінші айналымда қос чехиялық теннисші, әлемнің 26-ыншы ракеткасы Барбора Стрыцова немесе рейтингте 54-інші орында тұрған Катерина Синякованың біреуімен шеберлік байқасады.
Өткен жылғы «Ролан Гаррос» турнирінде Путинцева үшінші айналымға жеткен еді. Қазірдің өзінде сол көрсеткішін жақсартып отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ролан Гаррос» турнирінде жалғыз қалған Ю.Путинцеваның үшінші айналымға шығып, қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.