АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 41-ракеткасы Юлия Путинцева Санкт-Петербург турнирінің алғашқы айналымында чехиялық Тереза Мартинцовамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемдік рейтингте 181-орында тұрған чехиялық теннисші бұл жарыстың іріктеу сайыстарынан сәтті өтіп, негізгі турнирге қосылған еді.
Матчты қазақстандық спортшы сәтті бастап, бірінші партияда 6:4 есебімен жеңіске жетті. Алайда содан кейін сол қарқынын жалғастыра алмай, қарсыласына дес беріп қойды.
Осылайша қалған екі партияны Т.Мартинцова 6:2, 6:2 есебімен ұтып, екінші айналымға жолдама алды.
Тартысты өрбіген матч 2 сағат 30 минутқа созылды.
Т.Мартинцова екінші айналымда осы турнирдің 7-ракеткасы болып тіркелген словакиялық Доминика Цибулкова немесе ресейлік Екатерина Александрованың біреуімен шеберлік байқасады.
Жүлде қоры 757,9 мың АҚШ долларын құрайтын Санкт-Петербург турнирі 3 ақпанда мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Санкт-Петербург турниріне қатысатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).