Теннис: Путинцева Тайбэй турнирінің жартылай финалына шыға алмады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Юлия Путинцева Тайбэй турнирінің ширек финалында Украина елінің өкілі Катерина Козловамен күш сынасты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Путинцева дүниежүзілік рейтингте 51-інші, ал Козлова 85-інші сатыда тұрғанына қарамастан, ойын тартысты өрбіді. Бірінші партия соңында брейк жасаған украиналық теннисші 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Екінші партияда есеп 4:3 болып тұрған мезетте Козлова брейк жасады. Содан кейін өз геймін алып, 6:3 есебімен басым түсті. Кездесу 1 сағат 42 минутқа созылды.

К.Козлова жартылай финалда румыниялық Моника Никулеску немесе германиялық, кезінде Уимблдон турнирінің финалында өнер көрсеткен Сабина Лисицкидің қай жеңгенімен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, осы турнирге қатысқан тағы бір қазақстандық теннисші Зарина Дияс екінші айналымда М.Никулескуге есе жіберген болатын.