Теннис: Путинцева Вашингтон турнирінің екінші айналымына шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 52-інші ракеткасы Юлия Путинцева Вашингтон турнирінде германиялық Татьяна Мариямен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші осы жарыстың 8-інші ракеткасы болып тіркелсе, Т.Мария дүниежүзілік рейтингте 82-інші орында тұрған-ды.

Бірінші партияда Ю.Путинцева қарсыласын 6:3 есебімен ұтты. Алайда екінші сетте неміс спортшысы дәл осындай есеппен есе қайырды.

Матч шешуші, үшінші партияға ұласып, оны Юлия брейкпен бастап, кейін өз геймін де бермей, 2:0 есебімен алға шықты.

Содан кейін тағы бір брейк жасап, есепті 4:1-ге жеткізді. Қарсыластар бір-бір брейктен алып, есеп 5:2 болған кезде Ю.Путинцева матчқа доп берді.

Бірақ Т.Мария бұл жолы да брейк жасап, сосын өз геймін құр жібермей, есепті қысқартты - 4:5. Осыдан кейін ғана Юлия өз дегеніне жетті - 6:4.
Тартысты бәсеке 2 сағат 37 минутқа созылды.

Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің 70-інші ракеткасы, америкалық Дженнифер Брэйди немесе рейтингте 102-інші сатыда тұрған ресейлік Наталья Вихлянцеваның біреуімен кортқа шығады.

Жүлде қоры 250 мың АҚШ доллары болатын Вашингтон турнирі 5 тамызда мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Кицбюэль турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.