АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 52-інші ракеткасы Юлия Путинцева Вашингтон турнирінің екінші айналымында америкалық Дженнифер Брэйдимен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жарыстың 8-інші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингте 70-інші сатыда тұрған қарсыласын екі партияда тізе бүктірді.
Бірінші сетте Юлия 7:5 есебімен басым түссе, екінші партияда 6:2 есебімен шеберлігін асырды.
Кездесу 1 сағат 45 минутқа созылды.
Осылайша Ю. Путинцева жүлде қоры 250 мың АҚШ доллары болатын Вашингтон турнирінің ширек финалына шықты. Ол енді бұрынғы отандасы, әлемнің 128-інші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирін екі мәрте ұтқан Светлана Кузнецовамен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю. Путинцеваның Вашингтон турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).