АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Юлия Путинцева Ыстанбұл турнирінің екінші айналымында франциялық Полин Пармантьемен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте 83-інші орында тұрса, П.Пармантье тек 122-інші сатыда еді. Соған қарамастан, матч аса тартысты өрбіді.
Бірінші партияда франциялық теннисші 6:2 есебімен жеңіске жетсе, екіншісінде Ю.Путинцева дәл сондай есеппен есе қайырды.
Үшінші, шешуші партияда П.Пармантье 6:3 есебімен басым түсті. Кездесу 2 сағат 17 минутқа созылды.
Осылайша Ю.Путинцева Ыстанбұл турнирінің (жүлде қоры - 250 мың АҚШ доллары) ширек финалына шыға алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның бірінші, әлемнің 52-інші ракеткасы Зарина Диястың Штутгарт турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).