Теннис: Путинцеваның Вашингтон турниріндегі қарсыласы анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 53-інші ракеткасы Юлия Путинцеваның қарсыласы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жүлде қоры 250 мың АҚШ долларына бағаланған жарыстың 8-інші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық спортшы алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 81-інші орында тұрған германиялық Татьяна Мариямен күш сынасады.

Неміс теннисшісін ұтқан жағдайда америкалық Дженнифер Брэйди немесе ресейлік Наталья Вихлянцеваның біреуімен кездеседі.

Қазіргі кезде іріктеу сайысы өтіп жатқан, 30 шілдеде басталып, 5 тамызда мәреге жететін бұл турнирге әлемнің екінші ракеткасы, даниялық Каролин Возняцки бастаған теннисшілер қатысады.

Аталмыш жарыс биылғы жылдағы «Үлкен дулыға» турнирінің соңғысы - US Open жарысы алдындағы дайындық сыны болып есептеледі. АҚШ-тың ашық чемпионаты 27 тамыз - 9 қыркүйек аралығында өтеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын тағы бір қазақстандық теннисші Галина Воскобоеваның жұптық сында Мәскеу турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.