«Еуроспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, кездесу барысында испаниялық теннисші тамаша ойын өрнегін көрсете білді. Ал жартылай финалда әлемнің бірінші ракеткасы, ұлыбританиялық Энди Маррейді ұтқан Вавринка күшін соған көбірек жұмсап қойды ма, пәлендей қарсылық таныта алған жоқ. Тіпті жүйкесі сыр беріп, ракеткасын ұрып сындырып, төрешіден ескерту алған сәті де болды. Бірінші партияда екі мәрте брейк жасаған Надаль 6:2 есебімен жеңіске жетті. Екінші партияда тағы бір брейкке қол жеткізген испаниялық теннисші 6:3 есебімен басым түсті. Үшінші партияда да Вавринкаға еш мүмкіндік бермеген Надаль үш бірдей брейк жасап, 6:1 есебімен тізе бүктірді.
Осылайша, отыз бір жастағы Рафаэль Надаль Ролан Гаррос турнирінің оныншы мәрте чемпионы атанып, өзінің тарихи жеңісіне қол жеткізді. Ол осыған дейін «Үлкен дулыға» турнирін 14 рет ұтса, соның тоғызы Франция ашық чемпионаты еді. Бұдан үш жыл бұрын осы Ролан Гаррос жарысының жеңімпазы атанған Надальдың содан бері «Үлкен дулыға» турнирінде жолы болмай, ойыны қожырап жүрген еді. Енді, міне, ол өзінің бұрынғы жоғары деңгейіне қайтып оралды деуге болады.
Еске сала кетейік, Ролан Гаррос турниріне Қазақстаннан қатысқан Михаил Кукушкин екінші айналымда тағы бір испаниялық Роберто Баутиста-Агуттан ұтылып, жарыс жолынан шығып қалған болатын.