НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Теннистен Ролан Гаррос турнирі бір аптаға кейінге шегерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарысты ұйымдастырушылар мәлім еткендей, Франция ашық чемпионатының іріктеу сайыстары 24-28 мамырда өтеді. Ал негізгі турнир 30-ында басталып, 13 маусымда мәреге жетеді.
Франция Президенті 31 наурыз күні сөйлеген сөзінде денсаулық сақтау саласында жағдай жақсарған жағдайда мамыр айының ортасынан бастап мәдени және спорттық шаралардың кестеге сәйкес бірте-бірте жанданатынын жария еткен болатын. Соған байланысты Ролан Гарросты ұйымдастырушылар турнирді бір аптаға шегеріп, осылайша жарысты тамашалаушылар көбейеді деп үміттенеді.
Ролан Гаррос немесе Франция ашық чемпионаты – жыл сайын өтетін төрт «Үлкен дулыға» турнирінің бірі.
Өткен жылы да дода пандемияға байланысты кейінге қалдырылып, күзде өткен болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Чарльстон турнирінің ширек финалына шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).