ТЕННИС: Ролан Гаррос турнирінде қазақстандықтардың қарсыластары белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Париж қаласында 22 мамыр - 5 маусым аралығында өтетін Ролан Гаррос турнирінде қазақстандықтардың қарсыластары белгілі болды.

Чемпионат.ком сайтының хабарлауынша, әйелдер арасындағы жарыста Қазақстаннан төрт бірдей спортшы бақ сынамақ. Атап айтқанда, Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева бірінші айналымда канадалық Александра Вознякпен күш сынасады. Ярослава Шведоваға күштірек қарсылас тап болды. Ол бұрынғы отандасы, ресейлік, осы турнирдің 13-інші ракеткасы болып тіркелген Светлана Кузнецовамен кортқа шығады. Зарина Дияс германиялық Карина Виттефтпен, ал Галина Воскобоева қытайлық Чжан Шуаймен шеберлік байқасады.

Ерлер арасындағы бәсекеге Қазақстаннан жалғыз Михаил Кукушкин қатыспақ. Ол бірінші айналымда франциялық Адриан Маннариномен кездеседі.

Айта кетейік, Ролан Гаррос жарысы - әлем чемпионатымен тең болып есептелетін төрт «үлкен дулыға» турнирінің бірі.