НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар Елена Рыбакина мен Зарина Дияс жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық жұп екінші айналымда словакиялық Виктория Кузьмова мен Беларусь өкілі Александра Сасновичпен кездесті.
Кузьмова-Саснович жұбы осы «Үлкен дулыға» жарысының 15-ракеткасы болып тіркелген. Олар бірінші сетте 6:4 есебімен басымдылық көрсетсе, екінші партияда да сол қарқыннан айни қойған жоқ - 7:5.
Бәсеке сағат жарымға созылды.
Кузьмова мен Саснович ширек финалға шығу үшін турнирдің 2-ракеткасы, венгриялық Тимея Бабош пен франциялық Кристина Младеновичпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Кукушкин-Бублик жұбының ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).