Теннис: Рыбакина Хертогенбос турнирінің екінші айналымына шықты
Негізгі турнирге іріктеу сайыстарынан кейін қосылған қазақстандық спортшы алғашқы айналымда америкалық Варвара Лепченкомен күш сынасты.
Жуырда 20-ға толатын Е.Рыбакина бүгін жаңартылған рейтингте 141-ден 134-сатыға көтерілсе, 33 жастағы тәжірибелі В.Лепченко 127-орында еді.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші қарсыласын бет қаратқан жоқ - 6:1.
Екінші сетте де басымдығы айқын көрінді - 6:2.
Бәсеке бір сағаттан сәл астам уақытқа созылды.
Е.Рыбакина жүлде қоры 250 мың еуроға бағаланған Хертогенбос турнирінің екінші айналымында әлемнің 55-ракеткасы, бельгиялық Элисон Ван Эйтванк немесе 57-сатыдағы қытайлық Ван Яфаньның біреуімен кездеседі.
Аталмыш жарыс 16 маусым күні мәреге жетеді.
Тағы бір қазақстандық Александр Бублик Штутгартта негізгі турнирге шыға алмады. Ол бүгін іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 108-ракеткасы, испаниялық Фелисиано Лопеске 5:7, 4:6 есебімен есе жіберді.
Дүниежүзілік рейтингте Михаил Кукушкин мен А.Бублик өз көрсеткіштерін жақсартып, сәйкесінше 51-ден 47-ге, 91-ден 85-орынға жоғарылады. Александр Недовесов 189-дан 194-ке төмендеді.
Әйелдер арасында «Ролан Гаррос» турнирінің алғашқы айналымында сүрінген Юлия Путинцева 28-ден бірден 43-сатыға сырғыды. Зарина Дияс 99-дан 101-орынға жайғасты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Хертогенбоста негізгі жарысқа жолдама алғанын, ал испаниялық Рафаэль Надальдың «Ролан Гаррос» турнирін 12-мәрте ұтқанын жазған болатынбыз.