НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Хертогенбоста (Нидерланды) WTA-ның негізгі турниріне жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 141-орында тұрған Е.Рыбакина іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 113-ракеткасы, америкалық Кристина Макхейлмен кездесті.
Қазақстандық теннисші бірінші партияда 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Тартысты өрбіген екінші сетте тай-брейкте басымдылық танытты - 7:6 (7:5).
Бәсеке 1сағат 27 минутқа созылды.
Елена іріктеу сайыстарының жартылай финалында әлемнің 246-ракеткасы, чехиялық Барбора Штефкованы 7:6 (7:5), 6:0 есебімен жеңген болатын.
Е.Рыбакинаның негізгі турнирдегі қарсыласы кейін анықталады.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 28-ракеткасы Юлия Путинцева Ноттингем (Ұлыбритания) WTA турнирінде бақ сынайды. Ол алғашқы айналымда рейтингте 142-орындағы румыниялық Моника Никулескумен кортқа шығады.
Көгал төсенішінде өтетін бұл екі жарыс та Уимблдон турнирі алдындағы дайындық болып есептеледі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).