НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Елена Рыбакина Люксембург WTA турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жарыстың үшінші, әлемнің 43-ракеткасы Е.Рыбакина екінші айналымда рейтингте 247-орында тұрған чехиялық Дениса Аллертовамен кездесті.
Бірінші партияда есеп 2:1 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасай білді. Сосын сетті тағы бір брейкпен бітірді – 6:2.
Екінші партияда да Е.Рыбакина брейкпен алға шықты – 3:1. Тағы бір брейктен кейін мачтқа доп бергенде де қарқынын бәсеңдеткен жоқ – 6:1.
Қазақстандық спортшының басымдылығымен өткен бәсеке 58 минутқа созылды.
Е.Рыбакина жүлде қоры 226,4 мың АҚШ долларына бағаланған доданың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 52-ракеткасы, словакиялық Виктория Кузьмова немесе рейтингте 79-сатыдағы германиялық Лаура Зигемундтың қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Люксембург турнирінің екінші айналымына шыққанын, ал Ю.Путинцева мен А.Бубликтің Мәскеуде «Кремль кубогында» жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).