НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Елена Рыбакина Люксембург WTA турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жарыстың үшінші, әлемнің 43-ракеткасы Е.Рыбакина ширек финалда рейтингте 79-орында тұрған германиялық Лаура Зигемундпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ - 6:0.
Екінші сетте есеп 5:4 болған мезетте Е.Рыбакина брейк жасап, матчты түйіндеді.
Бәсеке 1 сағат 9 минутқа созылды.
Е.Рыбакина финалға шығу үшін осы турнирдің өткен жылғы жеңімпазы, әлемнің 26-ракеткасы, тағы бір германиялық Юлия Гергес немесе рейтингте 84-сатыдағы Пуэрто-Рико өкілі Моника Пуигтің біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Люксембург додасының (жүлде қоры - 226,4 мың АҚШ доллары) ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).