НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Елена Рыбакина Қытайдағы Ухань турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 49-ракеткасы Е.Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 108-орында тұрған қытайлық Чжу Линьмен кездесті.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші 7:5 есебімен басымдық танытса, екіншісінде корт иесі есе қайырды - 6:2.
Есесіне үшінші сетте Рыбакина бет қаратқан жоқ - 6:0.
Бәсеке 1 сағат 50 минутқа созылды.
Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 21-ракеткасы, хорватиялық Донна Векич немесе кезінде рейтингте көш бастаған, қазір 43-сатыда тұрған Беларусь елінің өкілі Виктория Азаренконың біреуімен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Осака турнирінің жартылай финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Ю.Путинцева да Ухань жарысында өнер көрсетеді. Ол бастапқы кездесуін ресейлік Светлана Кузнецовамен өткізеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).