НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Елена Рыбакина Уимблдон турнирінде іріктеу сайыстарының финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 111-орында тұрған қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының жартылай финалында әлемнің 176-ракеткасы, голландиялық Ришель Хогенкамппен күш сынасты.
Бірінші партияда брейк жасаған Р.Хогенкамп 2:0 есебімен алға шықты. Дегенмен Е.Рыбакина таразы басын теңестіріп қана қоймай, сетті сәтті аяқтай алды - 6:3.
Екінші сетті қазақстандық спортшы қос брейкпен бастады - 3:0. Содан кейін де қарсыласына дес берген жоқ - 6:0.
Бәсеке 45 минутқа созылды.
Е.Рыбакина іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 140-ракеткасы, ресейлік Варвара Флинкпен шеберлік байқасады. Егер оны жеңсе, 1 шілде күні басталатын Уимблдонның негізгі турниріне жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Уимблдон турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).