Теннис: Рыбакина Уимблдон турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жуырда 20-ға толған әлемнің 111-ракеткасы Е.Рыбакина бастапқы кездесуін рейтингте 195-сатыдағы аустралиялық Эллен Переспен өткізді.

Бірінші партияда қазақстандық спортшы қарсыласын бет қаратпай ұтты деуге болады - 6:1.

Екінші сетте Э.Перес 4:1 есебімен алға шықты. Бұдан кейін қатарынан бес геймді алған Е.Рыбакина матчты жеңіспен түйіндеді - 6:4.

Е.Рыбакина іріктеу сайыстарының жартылай финалында әлемнің 176-ракеткасы, Нидерланды елінің өкілі Ришель Хогенкамп немесе рейтингте одан екі саты төмен тұрған болгариялық Виктория Томованың біреуімен шеберлік байқасады.

Іріктеу сайыстарының жеңімпаздары осы аптада белгілі болып, 1 шілде күні басталатын негізгі турнирге жолдама алады.

Уимблдон жарысы - жыл сайын өтетін төрт «Үлкен дулыға» турнирінің бірі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Истбурн турнирінің екінші айналымына шыққанын, ал Зарина Диястың осы жарыста жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.