НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Елена Рыбакина US Open турнирі іріктеу сайысының финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 67-орында тұрған Е.Рыбакина іріктеу сайыстарының 1-ракеткасы болып тіркелген еді.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының жартылай финалында рейтингте 224-сатыдағы аустралиялық Арина Родионовамен кездесті.
Небәрі 53 минутқа созылған матчта Е.Рыбакина қарсыласын 6:2, 6:1 есебімен айқын басымдылықпен ұтты.
Е.Рыбакина іріктеу сайыстарының финалында қос аустралиялық, әлемнің 190-ракеткасы Лизетт Кабрера немесе рейтингте одан алты сатыға кейін тұрған Мэддисон Инглистің біреуімен кортқа шығады. Оны ұтса, 26 тамызда басталатын US Open жарысына жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның US Open турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).