Теннис: Сандуғаш Кенжебаева Қытайдағы жарыстың финалында есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Сандуғаш Кенжебаева жұптық сында Мааньшань (Қытай) ITF W15 турнирінің финалында өнер көрсетті.
Шешуші бәсекеде қазақстандық спортшы ресейлік Софья Лансеремен бірге турнирдің 2-ракеткалары, таилық Пеангтарн Плипуек — қытайлық Цзяци Ванмен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Кенжебаева С.Лансеремен бірге мамыр айында осы додада чемпион атанған еді. Бұл жолы тартысты өрбіген бірінші партияда қазақстандық-ресейлік жұп тай-брейкте табандылық танытты – 7:6 (8:6).
Екінші сетте таилық-қытайлық дуэт есе қайырды - 6:4. Содан кейін супер тай-брейкте сәтті ойнады - 10:4.
Финалдық матч екі сағатқа жуық уақытқа созылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Сандуғаш Кенжебаеваның Қытайдағы турнирдің финалында ойнайтынын жазған едік.