Теннис: Санкт-Петербург турнирінің финалында Юлия Путинцева қарсыласына жол берді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Теннистен Санкт-Петербург турнирінің финалында Қазақстанның бірінші, әлемнің 34-інші ракеткасы, 22 жасар Юлия Путинцева өзіне қарағанда, тәжірибесі молырақ Франция елінің өкілі, 1993 жылғы Кристина Младеновичпен күш сынасты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ресейдің «Наш спорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, бірінші партияда К.Младенович 6:2 есебімен жеңіске жетті. Екінші партияда есеп 5:3 болып, француз теннисшісі матч тағдырын шешетін  кезде доп берді. Міне, осы сәтте Ю.Путинцева нағыз шеберлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсете білді. Екі рет брейк жасап, үш геймді қатарынан ұтқан Юлия 6:5 есебімен алға шықты. Дегенмен Кристина қайта брейк жасап, таразы басын теңестіріп кетті. Алайда ол тай-брейкте жиі қателесті. Сөйтіп мұнда Ю.Путинцева 7:3 есебімен басым түсті. Үшінші, шешуші партияда франциялық спортшы бірден брейк жасап, 2:0 есебімен алға шықты. Көп ұзамай ол екінші брейк жасап, есепті 4:1-ге жеткізді. Есеп 5:2 болған кезде Юлия үш матчболда сәтті ойнап, брейк жасады. Кейін өз геймін алып, есепті 5:4-ке дейін қысқартты. Дегенмен К.Младенович өзі доп бергенде, бесінші матчболын сәтті пайдаланып, шешуші партияда 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетейік, өзінің спорттық жолында тұңғыш рет WTA турнирінің финалына дейін жеткен Ю.Путинцева жүлде қоры 700 мыңнан АҚШ долларынан асатын айтулы дода барысында әлемнің сегізінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирін екі мәрте ұтқан ресейлік Светлана Кузнецованы, жартылай финалда дүниежүзілік рейтингте бесінші сатыда тұрған словакиялық Доминика Цыбулкова сынды мықтыларды тізе бүктірді.