ОРАЛ. ҚазАқпарат - Нюрнберг қаласында теннистен өтіп жатқан халықаралық турнирдің екінші айналымында қазақстандық Ярослава Шведова германиялық Татьяна Марияны тізе бүктіріп, ширек финалға шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
championat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, әлемнің 51-інші, осы жарыстың жетінші ракеткасы Я.Шведова екі партияда (6:2, 6:4) жеңіске жетті. 1 сағат 37 минутқа созылған матчта қазақстандық теннисші төрт бірдей брейк жасай білді.
Енді Ярослава жартылай финалға шығу үшін жапониялық Мисаки Доимен күш сынасады. Бұл кездесу 25 мамыр күні болмақ.
Я.Шведованың жеңісті жолын тағы бір қазақстандық спортшы, әлемнің 28-інші, осы турнирдің екінші ракеткасы Юлия Путинцева жалғастырды. Ол екінші айналымда бельгиялық Янина Викмайерді 6:4, 6:0 есебімен ұтты. Юлия 26 мамыр күні ширек финалда румыниялық Сорана Кырстямен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, жүлде қоры 226 750 АҚШ доллары болатын Нюрнберг турнирі 27 мамырда мәреге жетеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).