ОРАЛ. ҚазАқпарат - Нюрнберг қаласында теннистен өтіп жатқан халықаралық турнирдің ширек финалында қазақстандық Ярослава Шведова жапониялық Мисаки Доимен шеберлік байқасты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
www.championat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, бірінші партия 4:6 есебімен жапониялық теннисшінің пайдасына аяқталғаннан кейін Я.Шведова матчты әрі қарай жалғастыра алмады. Сөйтіп М.Доиге жол берді. 45 минутқа созылған ойында жапониялық спортшы екі брейк жасаса, Ярослава бір ғана брейкке қол жеткізді. Енді М.Дои жартылай финалда осы турнирдің бірінші ракеткасы, голландиялық Кики Бертенс немесе америкалық Элисон Рискенің қай жеңгенімен күш сынасады.
Еске сала кетейік, әлемнің 28-інші, осы турнирдің екінші ракеткасы Юлия Путинцева бүгін ширек финалда румыниялық Сорана Кырстямен кездеседі. Жүлде қоры 226 750 АҚШ доллары болатын Нюрнберг турнирі 27 мамырда аяқталып, жеңімпаз анықталмақ.
Ал Франция ашық чемпионаты - Ролан Гаррос турнирінің іріктеу сайысында тағы бір қазақстандық, дүниежүзілік рейтингте 182-інші орында тұрған Зарина Дияс бүгін екінші матчын әлемнің 198-інші ракеткасы, словениялық Полона Херцогпен өткізеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).