АСТАНА. ҚазАқпарат - Парижде өтіп жатқан Франция ашық чемпионаты - Ролан Гаррос турнирінің бірінші айналымында Қазақстанның екінші, әлемнің 45-інші ракеткасы Ярослава Шведова Украина елінің өкілі, дүниежүзілік рейтингте алтыншы орында тұрған Элина Свитолинамен күш сынасты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
www.championat.com алынған мәліметке қарағанда, бұл кездесуде Ролан Гаррос турнирінде бесінші ракетка болып тіркелген Э.Свитолина 6:4, 6:3 есебімен басым түсті. Бұған дейін қарсыластар 2016 жылғы Уимблдон турнирінде бір рет кездесіп, онда Шведова жеңген болатын. Осылайша қарымта қайтарған украиналық теннисші енді Болгария елінің өкілі Цветана Пиронковамен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, әйелдер арасындағы жекелей сында екінші айналымға шыққан Қазақстанның бірінші, әлемнің 29-ыншы ракеткасы Юлия Путинцева швециялық Юханна Ларссонмен кортқа шығады. Ал ерлер арасындағы жекелей сында Қазақстанның бірінші, әлемнің 85-ші ракеткасы Михаил Кукушкин екінші айналымда испаниялық, дүниежүзілік рейтингте 18-ші сатыда тұрған Роберто Баутиста-Агутпен кездеседі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).