АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисшілер Тимофей Скатов пен Михаил Кукушкин Порту (Португалия) челленджер турнирінің 1/8 айналымына шықты.
Әлемнің 189-ракеткасы Тимофей Скатов бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 489-орында тұрған португалиялық Фредерику Феррейра Силвамен өткізді.
Қазақстандық теннисші 1 сағат 41 минутқа созылған матчта қарсыласын 6:3, 6:3 есебімен тізе бүктірді. Ол 5 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды.
Әлемнің 134-ракеткасы Михаил Кукушкин рейтингіде 336-сатыдағы қытайлық Цзе Цуймен ойында камбэк жасай алды – 3:6, 6:2, 6:1. 2 сағат 6 минутқа созылған тартысты бәсекеде Кукушкин 1 эйс, 5 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Ширек финалға шығу үшін Т.Скатов әлемнің 249-ракеткасы, даниялық Аугуст Хольмгренмен, М.Кукушкин рейтингіде 224-орындағы бельгиялық Йорис Де Лоремен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Олимпиадада қазақстандық теннисшілердің жарысты аяқтағанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).