АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Александр Бублик Братислава(Словакия) челленджер турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 253-орында тұрған А.Бублик финалда әлемнің 164-ракеткасы, чехиялық Лукаш Росолмен күш сынасты.
Л.Росол 33 жастағы тәжірибелі теннисші болса, А.Бублик 21 жаста ғана. Соған қарамастан, қазақстандық теннисші шеберлік таныта біліп, екі партияны да 6:4 есебімен ұтты.
Кездесу 1 сағат 9 минутқа созылды.
Турнир барысында А.Бублик өзінен рейтингте әлдеқайда жоғары тұрған словакиялық Андрей Мартин, италиялық Лоренцо Сонего, украиналық Сергей Стаховский және жартылай финалда германиялық Маттиас Бахингерді тізе бүктірді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын тағы бір қазақстандық Галина Воскобоеваның жұптық сында Лимож турнирінің жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).