НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисші Тимофей Скатов Алматы челленджер турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 399-орында тұрған Т.Скатов алғашқы айналымда осы жарыстың 2019 жылғы жеңімпазы, әлемнің 178-інші, турнирдің 5-ракеткасы, италиялық Лоренцо Джустиномен кездесті.
Бірінші партияда 20 жастағы қазақстандық теннисші қарсыласынан 6:4 есебімен басым түсті.
Екіншісінде италиялық спортшы есе қайырды – 6:3.
Үшінші, шешуші сетте Т.Скатов 4:0 есебімен алға кетті.
Ақыры осы басымдылығынан айырылған жоқ – 6:2.
Тартысты бәсеке 2 сағат 54 минутқа созылды.
Т.Скатов ширек финалға шығу үшін әлемнің 292-ракеткасы, тағы бір италиялық Риккардо Бонадио немесе рейтингте 385-сатыдағы отандасы Денис Евсеевтің біреуімен шеберлік
байқасады.
Алматы додасы 13 маусымда мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алматыда өтетін турнирде қазақстандықтардың қарсыластары анықталғанын, Елена Рыбакинаның «Үлкен дулыға» турнирінің 23 дүркін чемпионы Серена Уильямсті ұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).