НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Тимофей Скатов Кампинас (Бразилия) челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 259-орында тұрған Т.Скатов алғашқы айналымда әлемнің 186-ракеткасы, аргентиналық Рензо Оливоны 6:3, 7:6 (7:3) есебімен ұтты.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 263-сатыдағы тағы бір аргентиналық Андреа Колларинимен ойнады. Бұл матч та тартысты өтіп, екі сағатқа созылды.
Т.Скатов қарсыласын 7:6 (7:2), 6:2 есебімен тізе бүктірді. Ол бәсеке барысында 3 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді. А.Колларини 2 эйс, 2 брейктен аса алмады.
Т.Скатов жартылай финалға шығу үшін әлемнің 94-ракеткасы, бразилиялық Тьяго Монтейро немесе рейтингте 127-орындағы перулік Хуан Пабло Варильястың біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Братислава турнирінің финалында ұтылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).