НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Тимофей Скатов Кампинас (Бразилия) челленджер турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингіде 259-орында тұрған Т.Скатов ширек финалда әлемнің 94-інші, осы жарыстың 4-ракеткасы, бразилиялық Тьяго Монтейромен күш сынасты.
Өте тартысты өткен кездесу 3 сағат 35 минутқа созылды.
Бірінші партияда тай-брейкте қазақстандық теннисші сәтті ойнады – 7:6 (7:4).
Екінші сетте корт иесі басымдылық танытты – 6:3.
Шешуші, үшінші партияда бразилиялық спортшы тек тай-брейкте ғана жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:4).
Бәсеке барысында Т.Монтейро 9 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Т.Скатов 1 эйс, 4 брейкке (10 брейк-пойнт) қол жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Бразилиядағы турнирдің ширек финалына шыққанын, елордада балалар арасында Азия командалық біріншілігінің финалы өтетінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).