Теннис: Тимофей Скатов Италиядағы турнирдің ширек финалына шықты

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Тимофей Скатов Италиядағы Розето-дельи-Абруци челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, қазақстандық спортшы бастапқы екі кездесуін сәтті өткізді.

Т.Скатов алдымен германиялық Эльмар Эюповичпен кортқа шығып, 3 сағат 20 минутқа созылған тартысты матчта қарсыласын 2:6, 7:6 (7:1), 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда португалиялық Жоао Домингештен 7:6 (7:5), 6:2 есебімен басым түсті. Екі сағаттай уақытқа созылған бәсеке барысында ол 14 брейк-пойнттың алтауын пайдалана білді.

Дүниежүзілік рейтингте 221-орында тұрған 21 жастағы Т.Скатов жарыстың жартылай финалына шығу үшін ертең әлемнің 177-ракеткасы, италиялық Флавио Коболлимен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Индиан-Уэллсте негізі турнирге жолдама алғанын, Қазақстан – Германия матчы елордада өтетінін жазған болатынбыз.