Теннис: Тимофей Скатов Уругвайдағы турнирдің екінші айналымына шықты
20:30, 10 Қараша 2021
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Тимофей Скатов Уругвайдағы Монтевидео челленджер турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, дүниежүзілік рейтингте 262-орында тұрған Т.Скатов алғашқы айналымда әлемнің 140-ракеткасы, чилилік Алехандро Табиломен кездесті.
Бірінші партия барысында Табило қатты қарсылық көрсетті. Дегенмен брейк жасап, сет-пойнтты пайдалана білген қазақстандық теннисші басымдық танытты - 6:3.
Екінші сетте Тимофей алға кетті - 3:0. Алехандро есепті қысқартты - 4:5. Әйтсе де Скатов матчты тағы бір брейкпен тәмамдады - 6:4.
Т.Скатов ширек финалға шығу үшін әлемнің 130-ракеткасы, боливиялық Уго Дельенмен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингіде рекордтық көрсеткішке қол жеткізгенін жазған болатынбыз.