НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Галина Воскобоева латвиялық Елена Остапенкомен бірге жұптық сында Бирмингем WTA турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық-латвиялық жұп ширек финалда осы турнирдің 3-ракеткасы болып тіркелген америкалық Николь Меличар мен чехиялық Квета Пешкемен кездесті.
Воскобоева мен Остапенко бірінші партияда 6:3 есебімен басымдылық танытса, екіншісінде де есе жібермеді - 6:4.
Бәсеке 1 сағат 7 минутқа созылды.
Г.Воскобоева мен Е.Остапенко жүлде қоры 1 млн АҚШ долларынан асатын Бирмингем турнирінің финалына шығу үшін жарыстың 2-ракеткалары, тайбэйлік Се Шувэй мен чехиялық Барбора Стрыцовамен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Галина Воскобоеваның жұптық сында Бирмингем жарысының ширек финалына шыққанын, Юлия Путинцеваның әлемнің 1-ракеткасын ұтқанын, ал Михаил Кукушкиннің Лондон турнирін ерте аяқтағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).