АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Галина Воскобоева жұптық сында Ноттингем (Ұлыбритания) турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол ресейлік теннисші Натела Дзаламидземен бірге алғашқы кездесуін сәтті өткізді.
Қазақстандық-ресейлік жұп австралиялық Арина Родионова мен Украина елінің өкілі Ольга Савчукті 7:5, 6:1 есебімен ұтты. Кездесу 1 сағат 5 минутқа созылды.
Воскобоева мен Дзаламидзе жартылай финалға шығу үшін жұптық сында үшінші ракетка болып тіркелген поляк қызы Алиция Росольска және америкалық Эбигейл Спирспен күш сынасады.
Еске сала кетейік, кеше Ноттингем турнирінде жекелей сында Қазақстанның бірінші, әлемнің 45-інші ракеткасы Зарина Диястың ойын үстінде жарақат алып, жарыс жолынан шығып қалғанын жазған болатынбыз. Зарина сонымен қатар қытайлық Чжэн Сайсаймен бірге жұптық бәсекеге де түсіп, бастапқы кездесуінде ұлыбританиялық Йоханна Конта мен бельгиялық Янина Викмайерді ұтып, олар да ширек финалға шыққан еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).