НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Галина Воскобоева украиналық Даяна Ястремскаямен бірге жұптық сында Страсбург (Франция) WTA турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық-украиналық жұп алғашқы матчында Польша елінің өкілі Алисия Росольска мен қытайлық Чжаосюань Янмен шеберлік байқасты.
Тәжірибелі, 35 жасар Воскобоева мен 2000 жылғы Ястремская осы турнирдің үшінші ракеткасы болып тіркелген жұпты 6:2, 6:3 есебімен тізе бүктірді.
Бәсеке бір сағатқа жуық уақытқа созылды.
Г.Воскобоева мен Д.Ястремская жартылай финалға шығу үшін германиялық Татьяна Мария мен франциялық Полин Пармантье немесе жапониялық Мию Като мен аустралиялық Сторм Сандерс жұбының қай жеңгенімен таласады.
Бір қызығы, әлемнің 41-ракеткасы Д.Ястремская жекелей сында алғашқы айналымда П.Пармантьемен күш сынасады.
Страсбург турнирі 25 мамырда мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцеваның Нюрнберг турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).