Бірінші партияда дүниежүзілік рейтингте 76-ыншы орында тұрған Ярослава 6:4 есебімен жеңіске жетсе, екіншісінде 3:6 есебімен Камилаға есе жіберді. Үшінші, шешуші партияда брейк жасаған Я.Шведова 3:1 есебімен алға шыққанымен, көп ұзамай К.Джорджи есепті теңестірді. Итальяндық теннисші доп берген сегізінші геймде де Ярослава бірнеше брейк-пойнтты пайдалана алмады. Ақыры есеп 6:6 болып, мәселе тай-брейкте шешілді. Мұнда да қазақстандық теннисші жеңетін мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алды. Сөйтіп тай-брейкті 11:9 есебімен ұтқан К.Джорджи жартылай финалға жолдама алды. Онда ол американдық Коко Вандевегені жеңген голландиялық Кики Бертенспен кездеседі. Еске сала кетейік, осы жарыстың алғашқы айналымында Я.Шведова турнирдің бірінші ракеткасы, канадалық Эжени Бушарды жолдан тайдырған болатын.
17:45, 12 Маусым 2015
ТЕННИС: Я.Шведова ширек финалдан аса алмады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Ярослава Шведова Голландияның Хертогенбос қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирдің ширек финалында итальяндық, осы жарыстың бесінші ракеткасы Камила Джорджимен сынға түсті.