АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Ярослава Шведова австралиялық Кэйси Деллакуамен бірге жұптық сында US Open турнирінің жартылай финалына шықты.
Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Я.Шведова мен К.Деллакуа ширек финалда ресейлік Анастасия Павлюченкова мен Алла Кудрявцеваны 6:2, 2:6, 6:3 есебімен үш партияда ұтты.
Жартылай финалда қазақстандық пен австралиялық теннисші неміс Анна-Лена Гренефельд және американдық Коко Вандевегемен кездеседі. Айта кетейік, биыл әйелдер арасындағы жекелей сында итальяндық қыздар табысты өнер көрсетуде. Дүниежүзілік рейтингте 43-інші орында тұрған 32 жасар Роберта Винчи жартылай финалда әлемнің бірінші ракеткасы, американдық, 34 жасқа толғалы отырған Серена Уильямстың өзімен шеберлік байқасады. Тағы бір итальяндық, дүниежүзілік сатыда 26-ыншы орында тұрған 33 жасар Флавия Пеннетта әлемнің екінші ракеткасы, румыниялық, осы айда 24 жасқа толатын Симона Халеппен кортқа шығады. Бұл жасы отыздан асып кеткен теннисшілердің де бабы мен бағы келіссе, сәтті ойнай алатынын көрсетеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).