НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведова Рим WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 665-орында тұрған Я.Шведова Италия ашық чемпионатының екінші айналымында әлемнің 1-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартимен кездесті.
Э.Барти бірінші партияны 6:4 есебімен ұтса, екінші сетте оның басымдылығы анық байқалды – 6:1.
Бәсеке 1 сағат 18 минутқа созылды.
Аустралиялық теннисші матч барысында 7 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді. Бірде-бір эйс жасамаған Я.Шведова 6 брейк-пойнттың тек екеуін ғана өз пайдасына асыра алды.
Э.Барти үшінші айналымда франциялық Каролин Гарсия немесе ресейлік Вероника Кудерметованың біреуімен шеберлік байқасады.
Жүлде қоры 1,8 млн АҚШ долларынан асатын Рим жарысы 16 мамырда мәреге жетеді.
Өткен жылы бұл додада румыниялық Симона Халеп чемпион атанған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ярослава Шведованың Рим турнирінің екінші айналымына шыққанын, қазақстандық теннисшілердің Загреб жарысында жұптық кездесулерін сәтті өткізгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).