АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында теннистен өтіп жатқан халықаралық турнирде қазақстандық Юлия Путинцева екінші айналымға шықты.
Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, 1995 жылғы Ю.Путинцева өзінен жасы сәл үлкен, чехиялық Тереза Шмиткованы 6:4, 6:4 есебімен ұтты. Осыған дейін іріктеу сайыстарынан жарыстың негізгі кезеңіне өткен қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің алтыншы, осы турнирдің бесінші ракеткасы, сербиялық Ана Ивановичпен кездеседі. Рейтингісі жоғары болуына байланысты екінші айналымға бірден өткен Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс бүгін түнде хорватиялық Донна Векичпен күш сынасады. Зарина Д.Векичті Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен биылғы жылдың беташар турнирінде 6:3, 6:1 есебімен екі партияда жеңген болатын.
Айта кетейік, Индиан-Уэллс турнирінің жүлде қоры 5,4 млн. АҚШ долларына жуықтайды. Осы жарыстың ерлер арасындағы бәсекесінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин жарақатына байланысты канадалық Вашек Поспишилмен матчты аяқтай алмай, алғашқы айналымнан аса алмады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).