АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 61-інші ракеткасы Юлия Путинцева АҚШ-тың Чарльстон қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирдің үшінші айналымында дүниежүзілік рейтингте 14-інші орында тұрған, осы жарыста 3-інші болып тіркелген атақты америкалық теннисші Винус Уильямспен күш сынасты.
Тікелей спорттық көрсетілім арқылы мәлім болғанындай, аса тартысты өткен матчтың бірінші партиясында қазақстандық теннисші тай-брейкте жеңіске жете білді. Екінші партияны тәжірибесі мол әрі көрермендер қолдаған 35 жасар В.Уильямс 6:2 есебімен ұтты. Шешуші, үшінші партия да өте шиеленісті болды. Есеп 5:4 болып тұрған сәтте Юлия брейк жасап, кездесуді жеңіспен аяқтай білді.
Сөйтіп 21 жасар Ю.Путинцева кезінде әлем біріншілігімен тең саналатын «Үлкен дулыға» турнирлерін әлденеше рет ұтқан В.Уильямсті 7:6, 2:6, 6:4 есебімен тізе бүктіріп, Чарльстон турнирінің ширек финалына шықты. Енді ол жартылай финалға шығу үшін италиялық Сара Эррани мен австралиялық Саманта Стосурдың қай жеңгенімен таласады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).