Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Юлия бүгін қытайлық теннисші Хань Синьюньді 6:3, 6:1 есебімен қиналмай жеңді.
Ю.Путинцева үшінші айналымда бұрынғы отандасы, ресейлік Маргарита Гаспарянмен күш сынасады. Егер Юлия күні кеше, 7 қаңтарда 21 жасқа толса, М.Гаспарян 1994 жылы дүниеге келген. Яғни, екеуі де жас.
Еске сала кетейік, алғашқы айналымда қазақстандық теннисші әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, осы турнирде 16-ыншы болып тіркелген Каролина Возняцкиді ұтып, сенсация жасаған болатын. М.Гаспарян да одан қалыспай, аталмыш турнирдің 17-інші ракеткасы, итальяндық Сара Эрраниді үш партияда ұтса, бүгін жапониялық Куруми Нараны 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Егер М.Гаспарянды жолдан тайдырса, Ю.Путинцеваның төртінші айналымда атышулы американдық, әлемнің бірінші ракеткасы Серена Уильямспен кездесіп қалуы әбден мүмкін. Сондай-ақ ертең Ярослава Шведова екінші айналымда тағы бір американдық, осы турнирдің 15-інші ракеткасы Мэдисон Киспен кортқа шығады.