Теннис: Ю.Путинцева Чарльстон турнирінің үшінші айналымына шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 61-інші ракеткасы Юлия Путинцева АҚШ-тың Чарльстон қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирдің үшінші айналымына шықты.

Сhampionat.com сайтының хабарлауынша, Юлия екінші айналымда осы турнирдің 15-інші, әлемнің 51-інші ракеткасы, германиялық Сабина Лисицкиді аса тартысты матчта 7:5, 4:6, 6:3 есебімен тізе бүктірді. Ал дүниежүзілік рейтингте 70-інші сатыда тұрған Ярослава Шведова осы турнирдің бесінші, әлемнің 20-сыншы ракеткасы, атақты италиялық Сара Эрраниға еш қайран қыла алмай, 1 сағат 8 минутта 0:6, 3:6 есебімен жеңіліс тапты.

Чарльстон жарысында Қазақстаннан жалғыз қалған Юлия Путинцева үшінші айналымда америкалық теннисшілер Элисон Риске мен атышулы Серенаның апасы, осы турнирдің 3-інші ракеткасы Винус Уильямстің қай жеңгенімен кездеседі.