Теннис: Ю.Путинцева Чарльстон турнирінің жартылай финалына шыға алмады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 61-інші ракеткасы Юлия Путинцева АҚШ-тың Чарльстон қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирдің ширек финалында дүниежүзілік рейтингте 20-сыншы сатыда тұрған, осы жарыста бесінші болып тіркелген италиялық Сара Эрранимен күш сынасты.

Сhampionat.com сайтының хабарлауынша, Юлия 6:7, 1:6 есебімен қарсыласына жол беріп, жартылай финалға шыға алмады. С.Эррани финалға шығу үшін ресейлік Елена Веснинамен кездессе, осы турнирдің бірінші, әлемнің екінші ракеткасы, германиялық Анжелика Кербер америкалық Слоан Стивенспен кортқа шығады.

Еске сала кетсек, Чарльстон турнирінің екінші айналымында С.Эррани тағы бір қазақстандық теннисші Ярослава Шведованы 6:0, 6:3 есебімен сүріндірген болатын.