Теннис: Ю.Путинцева мен Я.Шведова Индиан-Уэллс турнирінің үшінші айналымына шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Индиан-Уэллсте (АҚШ) өтіп жатқан ірі халықаралық турнирде қазақстандық теннисшілер Юлия Путинцева мен Ярослава Шведова үшінші айналымға шықты.

Екінші айналымда Ю.Путинцева осы жарыстың 27-інші ракеткасы, франциялық Кристина Младеновичті 6:4, 6:4 есебімен ұтты. Енді ол әлемнің бірінші ракеткасы, атышулы америкалық Серена Уильямспен күш сынасады. Ал Я.Шведова турнирде 11-інші болып тіркелген чехиялық Люси Шафаржованы 6:3, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Ярославаның келесі қарсыласы - тағы бір америкалық теннисші Николь Гиббс.

Еске сала кетейік, жүлде қоры 6,8 млн.-нан астам АҚШ долларын құрайтын аталмыш турнирдің екінші айналымында Қазақстанның тағы бір өкілі Зарина Дияс кезінде әлемнің маңдайалды теннисшісі болған, қазір осы турнирдің 13-інші ракеткасы, белоруссиялық Виктория Азаренкомен шеберлік байқасады.