Теннис: Юлия Путинцева Әбу-Даби турнирінің үшінші айналымына шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Юлия Путинцева Әбу-Даби WTA 500 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 28-інші, осы жарыстың 13-ракеткасы Ю.Путинцева екінші айналымда рейтингте 65-орында тұрған чехиялық Барбора Крейчиковамен күш сынасты.

Бірінші партия барысында қазақстандық теннисшінің әлденеше рет брейк жасайтындай мүмкіндігі болды. Ақыры ол есеп 4:4 болған мезетте брейк жасап, сосын өз геймін де ала білді – 6:4.

Екінші сетте алдымен чехиялық спортшы 4:1 есебімен алға кетті. Дегенмен Ю.Путинцева таразы басын теңестіріп қана қоймай, матчты жеңіспен аяқтай алды – 7:5.

Тартысты өткен бәсеке екі сағатқа жуық уақытқа созылды.

Ю.Путинцева жүлде қоры 565 530 АҚШ долларына бағаланған турнирдің ширек финалына шығу үшін өткен жылғы Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы, әлемнің 4-інші, осы доданың 1-ракеткасы, америкалық Софья Кенинмен күш сынасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ярослава Шведованың Әбу-Даби турнирінің екінші айналымына шыға алмағанын, Александр Бубликтің Анталия жарысын сәтті бастағанын

жазған едік.