Теннис: Юлия Путинцева Дохада әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасына жол берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның екінші, әлемнің 42-ракеткасы Юлия Путинцева Доха (Катар) WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші кезінде дүниежүзілік рейтингте көш бастаған, қазір әлемнің 17-інші, осы ірі жарыстың 12-ракеткасы, Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен кездесті.

Бірінші партия барысында қарсыластар брейк алмасты. Содан кейін тағы бір брейкке қол жеткізген Путинцева басымдылық танытты – 7:5.

Екінші сетте Азаренко дес бермеді – 6:2.

Үшінші, шешуші партияда қазақстандық спортшы 4:1 есебімен алға шыққанымен, сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Ақыры жеңіс Азаренконың еншісінде кетті – 7:5.

Үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты кездесуде Ю.Путинцева 2 эйс жасап, 13 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 7 эйс, 6 брейкке (23 брейк-пойнт) қол жеткізді.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Елена Рыбакина Дохадағы бастапқы кездесуін рейтингте 67-орындағы румыниялық Жаклин Адина Кристианмен өткізеді.

Жүлде қоры 2,6 млн АҚШ долларынан асатын Доха додасы 27 ақпанда мәреге жетеді.

Өткен жылы мұнда финалда испаниялық Гарбинье Мугурусаны сүріндірген чехиялық Петра Квитова жеңімпаз атанған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын елордадағы халықаралық жарыстың іріктеу сайысына 6 қазақстандықтың қатысатынын жазған болатынбыз.