Теннис: Юлия Путинцева Дубай турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақстанның екінші, әлемнің 41-ракеткасы Юлия Путинцева Дубай WTA 500 турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының ширек финалында дүниежүзілік рейтингте 67-орында тұрған қытайлық Чжан Шуаймен шеберлік байқасты.

Ю.Путинцева 6:1, 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Қазақстандық спортшы 1 сағаттан астам уақытқа созылған матч барысында 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді. Қарсыласы 1 брейктен (8 брейк-пойнт) аса алмады.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина биылғы Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымында жарақатына байланысты матчты жалғастыра алмай, осы Ч.Шуайға жол берген еді.

Ю.Путинцева Дубайда іріктеу сайыстарының финалына шығу үшін рейтингте 99-сатыдағы Польша өкілі Магдалена Фрешпен таласады.

Тағы бір қазақстандық Анна Данилина алғашқы кездесуінде украиналық Даяна Ястремскаядан 5:7, 0:6 есебімен ұтылып қалды.

Ерлер арасында Андрей Голубев Доха ATP жарысының іріктеу сайысында словакиялық Йозеф Коваликке жол берді – 4:6, 6:7 (2:7).

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің халықаралық турнирде жеңімпаз атанғанын жазған болатынбыз.